Back To Top

Милан – Сан-Ремо. Алекс Аранбуру мәреге 7-болып келді

Алдын ала күтілгендей, маусымның алғашқы монументалды классикалық жарысы «Милан-Сан-Ремоның» шешуші сәті соңғы Поджио асуында, мәреге бірнеше шақырым қалғанда орын алды. Бірқатар фавориттер осы асуға жеткенде шабуылдап, нәтижесінде жеңіс үшін таласқа түскен шағын топ құрды. Мәреге біраз қалғанда жеке шабуылға шыққан бельгиялық шабандоз Яспер Стейвен жарыста жеңіске жетті. Ал Astana – Premier Tech командасының капитаны Алекс Аранбуру былтырғы жылдағыдай жетінші орынға ие болды.

Жарыс басталғаннан кейін көп ұзамай сегіз шабандоз алға озып, ұзақ уақыт бойы көш бастады. Олар сегіз минуттан астам уақыт басымдылыққа ие болды. Astana – Premier Tech шабандоздары күні бойы пелотонда болып, 300 шақырымдық жарыс жолының соңғы бөлігіндегі екі шешуші асу – Чипресса мен Подижоға дейін күштерін барынша үнемдеуге тырысты.

Маттео Собреро мен Мануэле Боароның қолдауымен осы жарыстағы команданың екі көшбасшысы Алекс Аранбуру мен Фабио Феллине соңғы Чипресса асуының алдында жақсы позицияға орналасты. Содан кейін, негізгі шабуылдар Поджиода орын алды.

Аранбуру алдыңғы қатарда болуға тырысты. Ол шағын фавориттер тобынан бірнеше секундтай ғана артта қалды. Бірақ, сәлден кейін сол топқа барып қосылды.

Құлдиға жеткенде фавориттер тобынан Яспер Стейвен шабуылға шығып, нәтижесінде жеңіске жетті. Жеңімпаздан кейін мәреге келген Алекс Аранбуру 7-орынға ие болды. Ол бір жыл бұрын да дәл осындай нәтиже көрсеткен болатын.

«Жарыс өте жылдам өтті. Поджиода мен өзім ойлаған позициядан сәл артта қалып қойдым. Бірақ, кейін алдыңғы қатарға шықтым. Асуға көтерілу басында мен фавориттерден төрт-бес секундқа қалып қойдым. Бірақ құлдиға түсу кезінде біз қайта топтастық. Спринтте қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Иә, финиш әттегіден ерекше өтті. Бірақ бұл жарыс. Менің ойымша, жарысты жақсы өткіздім және команда маған финалда жақсы позицияға орналасуға көмектесті. Егер менімен бірге жарысты аяқтаған шабандоздардың есімдерін қарасаңыз, қатарынан екінші рет жетінші орынға ие болғаныма көңілім толады. Бұл жарыс менің ыңғайыма жақсы келетін сияқты», – деді Алекс Аранбуру.

«Біз Алекстің өткен жылдағыдай тағы да 10-үздіктің қатарына еніп, жетінші орын алғанына қуаныштымыз. Алғашқы бестікке енеміз деп үміттенген де шығармыз. Бірақ бұл монументалды «классика». Мұнда жарыстың өзіндік ережелері бар. Ал жоғары нәтиже көрсету үшін сәттілік те керек. Қалай болғанда да, әсіресе қатысушылардың құрамын ескерер болсақ, жетінші орын – бұл жоғарғы нәтиже. Сондықтан біз жарыстың осылай өткеніне өте қуаныштымыз. Шабандоздардың әрқайсысы 100% барын салды. Жігіттердің барлығы өте жақсы жұмыс жасады. Енді бір жылдан кейін тағы да бағымызды сынап көреміз», – деп қорытындылады спорт директоры Стефано Занини.

Милан – Сан-Ремо, 299 шақырым.

Үздік үштік: 1. Яспер Стейвен (Trek-Segafredo); 2. Калеб Юэн (Lotto Soudal); 3. Ваут ВанАрт (Team Jumbo-Visma).

Astana – Premier Tech Үздік үштік: 7. Алекс Аранбуру; 45. Горка Исагирре; 46. Фабио Феллине.

Photo credit: @Getty Images