Back To Top

Уго Уль жекелей жарыста Канада чемпионы атанды

Astana – Premier Tech шабандозы Уго Уль Канаданың жаңа чемпионы атанып, Квебек қаласының Бозе аймағында өткен ұлттық чемпионатта жекелей жарыста алтын медаль жеңіп алды.

30 жастағы Уго Уль 34 шақырымдық жарыс жолын 41 минут 18 секундта бағындырып, басты қарсыласынан бір жарым минут озып кетті.

Уль үшін бұл оның екінші чемпиондық атағы. Ол 2015 жылы да жекелей жарыста үздік нәтиже көрсетті.

«Мен жекелей жарыста тағы да Канада чемпионы атанып, чемпионның жейдесін кигеніме қуаныштымын. Көбісі мені бұл жарыста жеңеді деп күтті. Сондықтан маған фаворит ретінде мәртебемді растап, жеңіске жету үшін біраз қиындықтарды жеңуге тура келді. Өйткені, дәл осы күні өзіңді қаншалықты жақсы сезінетініңді, аяқтарыңның қалай жұмыс істейтінін алдын ала білмейсің. Бірақ жарыс басталған соң, шамамен бес-алты минуттан кейін аяқтарым қалыпқа келгенін және жарыс күні мен үшін жақсы өтетінін сездім. Жарыс жолының алғашқы жартысында асулар өте көп орналасқан. Оған қоса құлдилар да болды. Сондықтан бұл аймақтарда көп күш салуым керек екенін білдім. Жарыс жолының алғашқы жартысынан кейін мен алда кетіп бара жатқан шабандозды қуып жеттім. Сондай-ақ басқа шабандоздардың да алыс емес екенін көрдім. Жарыс жолының екінші бөлігінде мен барымды салдым. Себебі сайыстағы жағдайдың қандай екенін және қарсыластардың қайсысы екінші кезеңде жақсы болғанын білген жоқпын. Барымды салдым және бұл жеңіске жету үшін жеткілікті болды», – деді Уго Уль.

«Мен мұнда жеңіске жету үшін келдім және бүгінгі жетістігімді мақтан тұтамын. Өйткені бұл жеңіс маған көптен бері қолдау көрсетіп келе жатқан Premier Tech үшін маңызды. Бірнеше жыл бойы мен «Тур де Франс» турниріне дайындыққа байланысты ел чемпионатына келе алмадым. Себебі ол дәстүрлі түрде маусым айында өтеді. Бірақ, биыл қыркүйекке ауыстырылды. Нәтижесінде мен осында келіп өнер көрсеттім. Ертең бізде топтық жарыс болады. Жеңіске жетуге тырысамын. Әрине, мұндай жарыста жағдайды бақылау әлдеқайда қиын болады. Өйткені жалғыз қаламын.  Алайда бар күшімді салатын боламын», – деп қоса кетті Уль.

Photo credit: @Chris Auld