Back To Top

Антон Кузьмин Astana Qazaqstan Team командасымен келісім-шартқа отырды

Қазақстандық Антон Кузьмин (26 жаста) кәсіпқой мансабын 2024 жылғы маусымға арналған бір жылдық келісімге қол қойған Astana Qazaqstan Team сапында жалғастырады.

Антон Кузьмин бірнеше жыл кәсіби құрлықтық команда құрамында болды. Ол командамен бірге «Ломбардия туры», «Милан-Турин», «Андалусия Вуэльтасы», «Мурсия Вуэльтасы», «Альпі туры» және т.б. жарыстарға қатысты.

«Мен бала кезімнен «Астана» командасына жанкүйермін. Команда қатысқан жарыстарды үнемі қадағалап, астаналық көшбасшылардың жетістігіне қуанатынмын. Жобаның тамаша тарихы мен үшін әрқашан үлкен мотивация болды. Велоспорттың шыңына жету жолында күш-қуат берді. Мен команданың бір бөлігі болуды, Әлемдік турға шығуды армандадым. Енді арманым орындалып жатыр. Бірақ, мен Әлемдік турдағы алғашқы маусымға дайындалу, нағыз кәсіпқой болу және өзімді жақсы жағынан көрсету үшін үлкен жұмыс күтіп тұрғанын білемін. Өз мақсатыма және командама табысқа жету үшін қолымнан келгенше жұмыс істеуге дайынмын», – деді Антон Кузьмин.

2023 жылы Кузьмин «Таиланд туры» және «Кандован туры» кезеңінің жеңімпазы атанды. «Иран турының» жалпы классификациясында үшінші, «Стамбул турының» жалпы классификациясында төртінші және «Шарджа турында» бесінші нәтиже көрсетті.

«Жаңа маусымда жобамызға тағы екі қазақстандық шабандоз қосылады. Бұл бізді қуантады. Astana Qazaqstan Team сапында келесі жылы Даниил Марухиннен басқа Антон Кузьмин де жарыс жолына шығады. Олар маусымды өте жақсы өткізіп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Менің ойымша, ол әлемдік турда бағын сынау мүмкіндігіне әбден лайық. Даниил сияқты, Антонның да әлеуеті, мотивациясы және өзін көрсетуге деген ұмтылысы, велоспортта маңызды нәтижелерге қол жеткізуге деген ұмтылысы бар. Алда көп жұмыс бар. Бірақ менің ойымша, жігіттер жұмыс жасауға дайын сияқты», – дейді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.

Photo credit: @SprintCycling