Back To Top

Astana – Premier Tech «Окситания турының» алғашқы кезеңінде шабуылға шықты

Astana – Premier Tech командасы Лакон-ле-Банаға дейін өткен француздық «Окситаниятуры» көпкүндік веложарысының алғшқы кезеңінде өте белсенді болды.

Қазақстандық жас шабандоз Евгений Федоров жарыста ең белсенді өнер көрсеткен көшбасшы топта болды. Федоровтың тобы төрт минуттан астам басымдылыққа ие болды. Бірақ финалға жақын пелотон көшбасшыларды қуып жетті. Сол уақытта негізгі топта Мерхави Кудус шабуылдап, италиялық Андреа Вендрамемен бірге 40 секундтай басымдылыққа ие болды. Кудус басымдылықты сақтап қалу үшін көп жұмыс жасады. Алайда, нәтижесінде көп күш жұмсап, финишке бірнеше шақырым қалғанда Вендрамеден қалып қойды. Осылайша италиялық жекелей жеңіске жетіп, жалпы есептің көшбасшысының жейдесін киді.

Пелотон жеңімпаздан 4 секундтан кейін мәреге келді. Ал Испания чемпионы Луис Леон Санчес спринтте 4-орынға ие болып, бас классификацияда 6-сатыға жайғасты.

«Менің ойымша, бүгінгі күн жақсы өтті. Біз жарысты белсенді өткізуді жоспарладық. Ал Евгений Федоров бабының тамаша екенін көрсетіп, көшбасшы топта болды. Мерхави Кудус финалда болашақ жеңімпазбен тамаша шабуыл жасады. Бәлкім Мерхави басымдылықты сақтап қалу үшін көп жұмсаған болар. Дегенмен бұл жақсы сынақ болды. Финалда біздің команданың көп бөлігі негізгі топта қалды. Ал Луис Леон Санчес төртінші орынға ие болды. Сонымен қатар команда көшбасшысы Оскар Родригес жарысты барлық фавориттермен бірге аяқтады. Өкінішке орай, Глеб Брусенский жарыстан шығуға мәжбүр болды. Мон-Ванту Челленджде құлағаннан кейін жағдайы жақсы болған сияқты еді. Бірақ кезеңнің жартысынан кейін қайта бабына келуі үшін оны тоқтату туралы шешім қабылдадық», – деді команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов.

Окситания туры, 1-кезең. Казуль-ле-Безье – Лакон-ле-Бан, 156.5 шақырым.

Кезеңнің үздік үштігі: 1. Андреа Вендраме (AG2R Citroen Team); 2. Магнус Корт (EF Education – Nippo); 3. Якопо Моска (Trek – Segafredo).

Astana – Premier Tech Кезеңнің үздік үштігі: 4. Луис Леон Санчес; 15. Оскар Родригес; 18. Юрий Натаров.

Photo credit: @Getty Images