Back To Top

Даниил Марухин – Astana Qazaqstan Team командасының жаңа шабандозы

Қазақстандық шабандоз Даниил Марухин (24 жаста) Astana Qazaqstan Team командасымен Әлемдік турға үлкен қадам жасауға дайындалуда. Марухин қазақстандық жобамен екі жылдық келісімге қол қойды (2024 және 2025 жылдарға).

«Astana Qazaqstan Team командасымен келісім-шартқа отыру мен үшін үлкен қадам. Мансабымның алғашқы жылдарынан-ақ менің айқын мақсатым болды. Кәсіби спортшы болып, Астана құрамына ену, басты қазақстандық команданың жейдесін кию. Соңғы бірнеше жылда айтарлықтай жақсардым. Қажырлы еңбек құрлықтық деңгейде алғашқы нәтижелерді бере бастады. Енді мен әлемдегі ең жақсы командалардың бірінде өз мақсаттарыма жету жолындағы жұмысымды жалғастыра алатыныма өте қуаныштымын! Әлемдік турда өзімді көрсете алатынымды білемін. Командаға көмектесетін және жекелей жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатын шабандоз бола аламын. Жаңа маусымды асыға күтемін. Менде байсалды көзқарас пен үлкен мотивация бар», – деді Даниил Марухин.

Даниил Марухин алты жылдан бері Қазақстанның құрлықтық командаларында өнер көрсетіп, өңірлік және континенттік деңгейде бірқатар жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. 2023 жылы Марухин «Ван аймағының туры» көпкүндік жарысында және «Гран-при Каниш» бір күндігінде жеңіске жетті. Түркияда өткен «Республика турының» жалпы есебінде үшінші, «Иран туры» және «Азиз Шуша» жарыстарының жалпы есебінде алтыншы нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, Даниил әр жылдары Қазақстан және жастар арасындағы Азия чемпионаттарында жүлдегер атанды.

«Даниил соңғы екі жылда құрлықтық күнтізбедегі жарыстарда жақсы нәтиже көрсетті. Сондықтан шабандоздың Әлемдік турда еліміздің басты командасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болудың сәті келгені қисынды. Біз Даниилдің өнері мен жетістіктерін ұзақ уақыт бойы бақылап келеміз. Оның алға жылжығаны анық. Әрине, Әлемдік тур велоспортқа толықтай барын салуды талап ететін мүлде басқа әлем. Бірақ спортшы кәсіпқой шабандоз болу үшін ынталы екенін, жұмысқа деген құлшынысын көрсетті», – деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров. 

Photo credit: @SprintCycling