Back To Top

Евгений Гидич Astana Qazaqstan Team сапында өнер көрсетуін жалғастырады

Қазақстандық шабандоз Евгений Гидичич (27 жаста) Astana Qazaqstan Team командасымен 2024 жылы тағы бір маусымға келісім-шартын ұзартты.

«Мен Astana Qazaqstan Team сапындағы кезекті маусымды ең алдымен әлі де белгілі амбицияларым бар екенін, жоғары нәтижелерге жетуге деген құлшынысым мен ынтам бар екенін дәлелдеу мүмкіндігі ретінде қарастырамын. Соңғы жылдары бәрі ойдағыдай болмады. Бірақ мен берілмеуге тырыстым. Қайта-қайта бағымды сынап көрдім. Кейде жолым болған сәттер болды. Бұл маған жеңістер мен жүлделер тек уақыт пен табандылық мәселесі екенін түсінуге мүмкіндік береді. Әрине, ең бастысы – командалық мақсат. Мен Астанада да, ұлттық құрама сапында да қажет жерде барлық жарыстарда командаға көмектесуге дайынмын. Бірақ мен жеке нәтижелер туралы ұмытқым келмейді. Өйткені белгілі бір жарыстарда өзімді көрсете алатынымды білемін», – деді Евгений Гидич.

2023 жылғы маусымда Евгений Гидич Қазақстан құрамасымен бірге «Ван аймағының туры» көпкүндігінің кезеңдерінде екі жеңіске жетті. Азия чемпионаты мен Қазақстан ұлттық чемпионатының топтық жарысында екінші болды. Сондай-ақ «Сан-Хуан Вуэльтасының» кезеңінде 4-ші, «Стамбул Турында» жалпы есепте 8-ші нәтиже көрсетті.

«Маусымның екінші жартысында Евгений жақсы өнер көрсетті. Командаға пайдалы болғысы келетінін және сонымен бірге жеңіс үшін күресуге деген ұмтылысын байқатты. Сондай-ақ, Евгений ұлттық құрама сапында лайықты нәтижесімен қуантты. Азия чемпионатында жүлде алып, Қазақстанға маңызды рейтингтік ұпайларды әкелді. Бәрі ойдағыдай бола бермейді. Бірақ шабандозда мотивация, жұмысқа деген ынта бар екенін көріп отырмыз. Бұл ең бастысы. Маусым әркім үшін әр түрлі себептерге байланысты қиын болды. Сондықтан келесі жыл тыныш және форс-мажорсыз болады деп сенейік. Бұл шабандоздардың әрқайсысына 100% өзін көрсетуге мүмкіндік береді», – деді Александр Винокуров.

Photo credit: @SprintCycling