Back To Top

Каталония Вуэльтасы. 1-кезең. Луис Леон Санчес 2-орынға ие болды

Испания чемпионы Луис Леон Санчес бүгін Калельяда 100-мәрте ұйымдастырылған «Каталония Вуэльтасы» көпкүндігінің бірінші кезеңінде 2-орынға ие болды. Astana – Premier Tech шабандозы кезеңнің екінші жартысында өте белсенді болды және соңғы Порт де Колсакр асуында шағын шабандоздар тобына қосылды.

Санчестің тобы мәреге 22 шақырым қалғанда алға озып, негізгі топтан 40 секундтай басымдылыққа ие болды. Бұл пелотонға жол бермей, кезеңдегі жеңіс үшін таласқа түсуге жеткілікті болды. Спринтте Луис Леон қолынан келгеннің бәрін жасады және жеңіске бір қадам жетпей қалып, дат шабандозы Андреас Кроннан кейін мәреге екінші болып келді.

Пелотон қанша тырысқанымен, кезең жеңімпазынан 16 секундтан кейін ғана мәреге келді.

«Бірінші кезең өте жақсы өтті. Бірнеше асулары бар жарыс жолы және финал бізге қолайлы болды. Пелотонда спринтерлер көп болмағандықтан, негізгі топтағы жағдайды бақылау қиын болатынын түсіндік. Сондықтан біз күні бойы, әсіресе кезеңнің соңғы бөлігінде мұқият болуға тырыстық. Біз соңғы асудың етегінде алдыңғы қатарды болдық. Мен барлық шабуылдарды қадағаладым. Соңында тағы үш шабандозбен алға озуға мүмкіндік алдым. Жеңіске жету үшін сәл ғана жетпей қалды.  Әрине, біраз ренжулімін. Спринтте мен екі шабандоздың арасында біраз уақыт қалып қойдым. Ал Крон сол жаққа қарай ығыса бастады. Мен қас-қағым сәтке ғана ұтылдым. Содан кейін спринтте барымды салуға тырыстым, бірақ жеңіске жете алмадым. Бұл мен үшін жеңіске жетуге жақсы мүмкіндік болды. Бірақ алдағы күндері тағы да мүмкіндіктер болады деп сенемін», – деді Луис Леон Санчес.

«Біз Луис Леонмен соңғы асуда шабуылға шығуды көздедік. Бұл кезеңді жақсы білетінбіз және егер шабандоздар тобы асуға көтерілу барысында басымдылыққа ие болса, онда пелотонға мұндай аралықты қысқарту өте қиын болатынын білдік. Соңында біз үшін бәрі жақсы өтті және Луис Леон жарысты керемет өткізді. Бізге жеңіске жетуге сәл ғана жетпей қалды. Бірақ бүгін басқа шабандоз бізге қарағанда мықты болды. Соған қарамастан, мен команданың бір-біріне көмектесіп, кезеңді қалай өткізгеніне көңілім толады. Сондай-ақ кезеңнің соңында командалық есепте көш бастағанымыз – бұл біз үшін тамаша сыйлық болды. Енді келесі кезеңдерді Каталониядан бастаймыз», – деп толықтырды «Astana – Premier Tech» командасының спорт директоры Бруно Ченьяльта.

«Каталония Вуэльтасы» ертең екінші кезеңмен, Баньолесте 18,5 шақырымдық жекелей жарыспен жалғасын табады.

Каталония Вуэльтасы. 1. Калелья – Калелья, 178.4 шақырым.

Кезеңнің үздік үштігі: 1. Андреас Крон (Lotto Soudal); 2. Луис Леон Санчес (Astana – Premier Tech); 3. Реми Роша (Cofidis, Solutions Credits).

Astana – Premier Tech Кезеңнің үздік үштігі: 2. Луис Леон Санчес; 19. Харольд Техада; 32. Оскар Родригес.

Photo credit: @Getty Images